Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын айтып, жаңа Конституцияда елдің инвестициялық қуатын күшейтуге арналған маңызды нормалар бекітілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Президенттің айтуынша, қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, ел алдында тұрған мақсаттар ауқымды және оларды жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс қажет.
– Босаңсуға болмайды. Табанды жұмыс істеп, бұдан да биік белестерге ұмтылуымыз керек. Бұған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Жаңа Конституцияға мемлекетіміздің инвестициялық қуатын күшейтуге арналған нақты нормалар қосылды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформалар аясында қаржы секторына және қарқынды дамитын қалаларға арналған арнайы құқықтық режим енгізу туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
Президент жақында «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңға қол қойғанын еске салды.
– Бұл маңызды құжатта «ақылды қалаға» тән дербес экожүйе қалыптастырудың құқықтық негізі бекітілді. Арнайы құқықтық режим мемлекеттік басқару мүмкіндіктерін кеңейтуді, соның ішінде сот жүйесінің ерекше жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, – деді ол.
Мемлекет басшысының сөзінше, жаңа құқықтық тетіктер үздік халықаралық тәжірибені енгізуге, инновациялық шешімдерді сынақтан өткізуге және ірі жобаларды іске асыру үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Президент Алатау қаласының болашақтағы стратегиялық рөліне де тоқталды.
– Біздің басты мақсатымыз – Алатау қаласын болашақтың цифрлық агломерациясына, жаңа технологияларды тарту орталығына айналдыру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестіктің маңызын атап өтіп, инвесторлармен және кәсіпкерлермен ашық әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.
Президенттің пікірінше, жаңа құқықтық мүмкіндіктер Қазақстанның инвестициялық әлеуетін арттырып, инновациялық экономиканы дамытуға тың серпін береді.