Контентке өту

ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАУ – ӘР АЗАМАТТЫҢ ПАРЫЗЫ

ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАУ – ӘР АЗАМАТТЫҢ ПАРЫЗЫ
Ашық дерек

Мен үшін кәсіп – тек табыс көзі емес. Бұл – күн сайынғы еңбек, маңдай тер, отбасының несібесі және елдің дамуына қосылған өз үлесің. Құс шаруашылығымен айналысып жүрген жеке кәсіпкер ретінде осыны жақсы түсінемін , деп хабарлайды baq-orda.kz.

Таңның атысынан кештің батысына дейінгі тынымсыз тірліктің әрқайсысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Шаруашылықтың жайын ойлау, жұмысшылардың еңбегін ұйымдастыру, өнім өндіру, нарықтағы жағдайды бақылау – мұның бәрі елдегі экономикалық ахуалмен тікелей байланысты. Сондықтан мемлекетте қабылданатын әрбір маңызды шешім қарапайым кәсіпкердің де, ауылдағы отбасының да өміріне әсер етеді.

Бүгінде Құрылтай сайлауы – ел болашағына қатысты маңызды саяси үдерістердің бірі. Меніңше, Құрылтайдың мәні – халықтың үнін естіртуінде, қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салуда және елдің дамуына қатысты ой-пікірлерді біріктіруінде.

Кәсіпкер әйел ретінде мен үшін ауылдың жағдайы, шағын және орта бизнестің дамуы, еңбек адамын қолдау, жастарға мүмкіндік беру сияқты мәселелер өте маңызды. Себебі ауылдың экономикасы нығайса, жаңа жұмыс орындары ашылады. Жастардың туған жерінде еңбек етуіне мүмкіндік көбейеді. Ал әр отбасының әл-ауқаты артса, бұл – тұтас елдің тұрақтылығы.

Әсіресе әйелдердің кәсіпке араласуы – қоғам үшін үлкен мүмкіндік деп білемін. Бүгінде қолына ісін алып, кәсібін дөңгелетіп, отбасын да, жұмысын да қатар алып жүрген әйелдер аз емес. Бізге ең керегі – еңбек ететін адамға мүмкіндік пен қолдау көрсетілетін орта.

Құрылтай сайлауына да осындай жауапкершілікпен қарау керек деп ойлаймын. Бұл – бір күндік науқан емес, елдің ертеңіне деген көзқарасымызды білдіретін маңызды кезең. Әр азамат өз таңдауына бейжай қарамай, елдің дамуына қандай үлес қоса алатынын ойлағаны жөн.

Мен өз еңбегіммен елге қызмет етуді дұрыс көремін. Өйткені мемлекет дамуы тек үлкен жобалардан емес, әр ауылдағы, әр кәсіпорындағы, әр отбасыдағы адал еңбектен басталады.

Бүгін біз қандай таңдау жасасақ, ертеңгі ұрпақ сондай елде өмір сүреді. Сондықтан Құрылтай сайлауы – баршамызға ортақ жауапкершілік.

Елдің болашағы алыста емес. Ол – бүгінгі таңдауымыздан, бүгінгі еңбегімізден және ертеңге деген сенімімізден басталады.

Ахмадбекова Айнагүл,

“ЖК Ахмадбекова” жеке кәсіпкерліктің басшысы.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты