Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Марлен Маматалиевті қабылдады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Кездесу барысында Президент қырғыз делегациясына ілтипат білдіріп, Марлен Маматалиевтің Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары екіжақты қарым-қатынасты дамыту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы байланыс достық пен өзара түсіністікке негізделген.
«Елдеріміз арасында ешқандай түйткіл немесе түсініспеушілік жоқ. “Қазақ-қырғыз – бір туған” деген сөз бар. Бір кеңістікте бауырлас, тату болып, қарым-қатынасымызды нығайта береміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ Қырғызстан экономикасының қарқынды дамып келе жатқанын айтып, Қазақстан бұл оң үрдісті қолдайтынын жеткізді.
Кездесу барысында Қырғыз Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы да сөз болды. Мемлекет басшысы бұл оқиғаны Қырғызстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін тарихи жетістік деп бағалады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа осы маңызды жетістікке байланысты арнайы құттықтау хатын жолдағанын айтты.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту, парламентаралық байланысты дамыту және өңірлік мәселелер бойынша өзара іс-қимылды жалғастыру мәселелерін талқылады.