Контентке өту

Тоқаев ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетімен танысты: жаңа технологиялар мен ірі жобалар таныстырылды

Тоқаев ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетімен танысты: жаңа технологиялар мен ірі жобалар таныстырылды
ашық дерек

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылыми-инновациялық әлеуетімен танысты, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Мемлекет басшысына университеттің негізгі жобаларын Жансейіт Түймебаев таныстырды. Ректор Инновациялық өнімдер орталығы мен Farabi Hub алаңында жүзеге асып жатқан жоғары технологиялық бастамалар туралы баяндады.

Farabi Hub – экономиканың нақты секторына инновация енгізуге бағытталған заманауи платформа. Мұнда креативті индустрия, жасанды интеллект және стартап жобалар дамып келеді. Жоба аясында 300 жаңа жұмыс орны ашылып, 20 миллион доллардан астам инвестиция тартылған.

Университеттің ғылыми орталығында халықаралық ірі компаниялардың зерттеу алаңдары орналасқан. Атап айтқанда, ZTE, BASF және Binlin жобалары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар ҚазҰУ-дің ғылыми-зерттеу институттары да осы жерде жұмыс істейді.

Президентке жалпы құны 1 миллиард 250 миллион теңгені құрайтын төрт ірі жоба таныстырылды. Соның бірі – Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлесіп әзірленген микроспутник макеті.

Қазіргі таңда ғалымдар NKSAT жер серігін жасауда. Бұл спутник Жердің тартылыс өрісін, радиация деңгейін өлшеуге және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Қашықтан зондтау және оны қолдану технологиясы» зертханасының жұмысымен танысты. Бұл зертхана Қытай Ғылым академиясымен бірлесіп құрылған. Мұнда жер серіктері арқылы Орталық Азиядағы климат пен экология өзгерістері зерттеледі.

Сапар барысында Президент «Цифрлық технологиялар мен роботты техника» халықаралық институтын, Роботты техника орталығын және Қазақстан–Сингапур кванттық технологиялар орталығын да аралап көрді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа университет базасында құрылған суперкомпьютер кластері таныстырылды. Оны іске қосуға 23 миллион доллар инвестиция тартылған. Аталған жүйе күрделі есептеулерді жеделдетіп, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ІТ және жасанды интеллект саласында жоғары білікті мамандар даярлауға жол ашады.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты