Владимир Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы тең құқылы әрі өзара құрметке негізделген қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ресей Президентінің айтуынша, былтыр Қасым-Жомарт Тоқаевтің Мәскеуге жасаған мемлекеттік сапары барысында екі ел байланысының жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне көтерілгені туралы бірлескен мәлімдеме қабылданған.
«Бұл шын мәнінде солай. Біз барлық бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ресей және Қазақстан халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі жайында маңызды бірлескен мәлімдеме қабылдаймыз», – деді Владимир Путин.
Оның сөзінше, қазіргі таңда көптеген үкіметаралық, ведомствоаралық және коммерциялық келісімдер дайындалған.
«Бұл құжаттар экономика мен энергетикадан бастап, мәдени-гуманитарлық қатынастарға дейінгі ынтымақтастықтың барлық саласын қамтиды. Мұның бәрі өзара ықпалдастығымыздың іргесін нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін», – деді Ресей басшысы.
Сондай-ақ Владимир Путин екі ел арасында 70 инвестициялық жобаның жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Бұл – ауқымды жұмыстың бастауы ғана. Өзара ынтымақтастығымыздың жақсы нәтижеге қол жеткізетін перспективті бағыттары байқалады», – деді ол.
Бұдан бөлек, кездесу барысында өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Тараптар өндіріс, энергетика, көлік-логистика, агроөнеркәсіп кешені және цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасына назар аударды.