Жұлдыз Әбдікәрімова баспанасына қатысты даулы мәселенің шешілгенін хабарлады
Белгілі актриса, Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдікәрімова баспанасына қатысты мәселенің шешімін тапқанын хабарлады. Ол бұл оқиғаның өзін үлкен өмірлік сабаққа үйреткенін және осы кезеңде жанында кімнің шынайы, кімнің жалған екенін байқағанын айтты, деп хабарлайды Baq-Orda.kz. «Бұл – мен үшін үлкен сынақ болды»
Жұлдыз Әбдікәрімова сот мәселесіне байланысты көпшілікке алғаш рет осыдан біраз уақыт бұрын айтқан болатын. Енді ол бұл оқиғаның өз пайдасына шешілгенін қуанышпен жеткізді.
"Жақсы жаңалықпен бөліскім келеді. Өздеріңіз білетіндей, сот ісі біраз уақыттан бері жалғасып келді. Бүгін, міне, бәрі мен үшін сәтті аяқталды. Балаларыма, өзіме тиесілі дүние қайырымен қайтты. Бұл жағдай мен үшін өмірлік сабақ болды. Айналамда жүрген адамдардың шынайылығына көзім жетті. Біреулер бастан-аяқ қасымда болып, қолдау көрсетсе, енді біреулер жай ғана суық хабарламамен шектелді", – деп жазды актриса.
«Құқық қорғау органдарының көмегі зор болды»
Жұлдыз Әбдікәрімова заңды мәселелерді шешу кезінде көп нәрсені үйренгенін де атап өтті.
"Құзырлы органдардың табалдырығын тоздырдым десем, артық айтқаным емес. Осы оқиға арқылы заң саласында өз білімімді арттырдым. Енді адвокатсыз ешбір құжатқа қол қоймаймын. Бұл – мен үшін үлкен сабақ болды", – деді ол.
Актриса бұл мәселені шешуге көмектескен құқық қорғау органдары мен адвокаттарына ерекше алғыс айтты.
"ҚР Бас прокуратурасының Азаматтарды қабылдау бөлімінің басшысы Сәкен Сержанұлына, Астана қалалық прокуратурасының Бақылау бөлімінің басшысы Тұрысбеков Нұржан Дүйсенбайұлына, адвокат Бектеміров Жанарбек Әубәкірұлына қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін", – деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова.
Ол бұл тақырыпқа қайта оралғысы келмейтінін айтып, өз өмірінде жаңа кезеңнің басталғанын атап өтті.