Атырауда 6 адам суға батып кеткен
Атырауда шомылу маусымы басталғалы 6 адам суға батып кеткен.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, суға шомылу маусымы басталған 15 маусымнан бері 6 адам суға батып, жантәсілім еткен.
Оның ішінде кәмелетке толмаған 3 жасөспірім бар.
Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары су айдындарына батып бара жатқан 6 адамды құтқарды. Судан құтқарылғандардың арасында 4 жасөспірім болған.
«Атырау облысының су айдындарында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын бағалау мақсатында төтенше жағдайлар департаментінің инспекторлық құрамы қалалық жағажайларды тексерді. Бағалау нәтижесіне сәйкес Жайық өзенінің жағалауындағы «Евразия» ЖШС мен «Номад» ЖК-ның жағажайлары су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарына сәйкес келеді. Жағажайларда қажетті талаптар сақталған. Әр жағажайда арнайы оқытылған 4 құтқарушы қызмет атқарады. Алғашқы медициналық көмек көрсету үшін қажетті жабдықтар мен дәрі-дәрмектермен қамтылған медициналық пункттер құрылған. Балалар үшін арнайы учаскелер дуалмен және қалтқылар желісімен қоршалған», -дейді төөтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Асхат Ержанов.
Биыл Атырау қаласында Жайық өзенінің жағалауында 5 жағажай жұмысты тегін істейді.
Бұлар – «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешені маңындағы «Евразия» ЖШС-нің, И.Мечников көшесіндегі «Атырау саябақ», «Тұрғын үй қалашығы» шағынауданындағы «НОМАД» (Малибу) және «LUCH» жағажайлары.
«Қазір күн күрт ысыды. Осыған байланысты тұрғындар су айдындарына шомылуға жиі барады. Тұрғындардан қауіпсіздік талаптарын сақтап, балаларды көзден таса қылмауға шақырамыз», -дейді Асхат Ержанов.