Қазақстандық актер әрі тележүргізуші Тәуекел Мүслім бала тәрбиесі мен әкелік ұстанымы туралы ашық айтты. Өнер иесі бұл тақырыпты «Отец» подкастында қозғаған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Актердің айтуынша, балалық шағындағы отбасылық қарым-қатынас тәжірибесі оның қазіргі әкелік көзқарасына әсер еткен. Ол өз әкесінің тәрбиелеу тәсілін қайталағысы келмейтінін ашық жеткізді.
«Өз әкем сияқты болғым келмейтініне 100 пайыз сенімдімін. Мен оған толықтай қарама-қарсымын. “Сен баласың, мен әкеңмін, сондықтан мені тыңдауың керек” деген түсінікті үзгім келеді», – деді Тәуекел Мүслім.
Өнер иесі ұлдарымен қарым-қатынаста бұйрық беруден гөрі сөйлесіп, түсіндіруге тырысатынын айтты. Оның пікірінше, балаға өз тәжірибесі арқылы үйренуге және қателіктерінен сабақ алуға мүмкіндік беру маңызды.
Тәуекел Мүслім соңғы жылдары эмоциясын да ашық білдіре бастағанын жасырмады. Әке тақырыбы қозғалған кезде көз жасына ерік беретінін айтып, балалық шағынан қалған ішкі сезімдерін біртіндеп еңсеріп келе жатқанын жеткізді.
Актер бос уақытын мүмкіндігінше балаларына арнауға тырысатынын да айтты. Ұлдарының шаңғы тебуді, велосипед айдауды үйреніп, өз қорқыныштарын жеңіп жатқанын көру ол үшін ерекше сезім екенін атап өтті.