Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың жақындары қайғылы оқиғаның мән-жайы толық әрі ашық түсіндірілгенін талап етіп отыр. Марқұм Олжас Диханбаевтың әпкесі Жанардың айтуынша, отбасы қаралы хабарды алдымен туыстарынан естіген. Ол әскери тараптан ешкім отбасыға келіп, кешірім сұрамағанын және көмек көрсетілетіні туралы нақты ақпарат бермегенін айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz. Stan.kz. порталына сітлеме жасап
Жанардың сөзінше, қайғылы хабарды отбасы 24 қыркүйекте түстен кейін, шамамен сағат 16:00–16:30 аралығында алған. Алайда оған дейін Олжастың ата-анасына ресми түрде хабар берілмеген. Қаралы хабарды алғашында туыстарынан естігенін айтқан Жанар болған жағдайға әлі де сене алмай отырғанын жеткізді.
«Мәйітханаға барып, “Бауырымды тап! Тірі кеткен бауырымды тауып бер!” деп айғайлаған мен едім. Қиын жағдай, әрине. Түс көргендей болып отырмыз. Бізге өлімнің қалай болғаны әлі де жұмбақ болып отыр», – дейді ол.
Марқұм Олжас Диханбаев Мұнайлы ауданындағы №1 мектепте білім алған. Кейін отбасымен Жаңаөзенге көшіп, Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжінде оқыған. Жанардың айтуынша, Олжас үйдің кенжесі болған, тәртібі жақсы, ақкөңіл әрі ешкімге зияны жоқ бала еді.
Отбасы сарбазды әскерден аман-есен оралады деп күткен. Жанардың айтуынша, тіпті оны дембелдеп қарсы алуға дайындалып, үйде шағын той жасауды жоспарлаған. Алайда бұл қуаныштың орнына отбасы қара жамылды.
«Ешкім кешірім сұрап та келген жоқ»
Жанардың айтуынша, марқұмның денесін туыстары мәйітханадан өздері алып кеткен. Әскери тараптан отбасыға нақты көмек көрсетілетіні туралы хабар болмағанын айтты.
«Мұнайлы ауданының әкімі бір қой әкеліп тастады. Аға-сіңлілерім де қолдан келгенше көмектерін беріп жатыр. Басқа ешқандай көмек туралы айтпады. Әскери жақтан келіп хабар да алған жоқ. Ешкім келген жоқ, телефон соққан жоқ. Кешірім сұрап та келген жоқ», – дейді Жанар.
Оның сөзінше, түрлі қорлар мен банктерден қаржылай көмек көрсетіліп жатқаны туралы ақпарат тарағанымен, олардың отбасына ақша түспеген.
«Біз ол ақшаға басымызды қатырып жатқан жоқпыз. Бізге баланың тірі келуі керек еді», – деді марқұмның әпкесі.
Жанардың айтуынша, отбасы оқиғаның нақты себебін, сарбаздардың не себепті теңізге шыққанын және қауіпсіздік талаптарының қалай сақталғанын білгісі келеді. Ол тиісті органдардан болған жағдайға байланысты нақты жауап пен жауапкершілік талап ететінін айтты.
Сонымен қатар Жанар оқиға болған күні ауа райының күрт өзгеретіні туралы әскери тараптан арнайы ескерту алмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, отбасы ауа райының қолайсыздығы туралы тек телефонға келген SMS арқылы білген. Бұл мәліметтер марқұмның жақынының айтуынша келтіріліп отыр.
«Әскерден келгеннен кейін үйленеміз деп жоспарлаған»
Қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан Мейрамбек Бердіханды жақын таныған ару да марқұм туралы естелігін бөлісті. Оның айтуынша, Мейрамбек ата-анасын ерекше сыйлаған, адамдарға жанашыр, спортқа жақын азамат болған. Ол дзюдомен айналысып, жақсы спортшы ретінде танылған.
Арудың айтуынша, олар шамамен үш жылдан бері таныс болған. Мейрамбек әскери қызметке кеткенге дейін араласқан, ал әскерден оралған соң бірге болашақ құруды жоспарлаған.
«Әскерден келгеннен кейін болашағымыз туралы көп айтатын. Үйленеміз деп те айтқан. Тіпті TikTok-тан болашаққа байланысты видеолар жіберіп, “Осындай күнге бірге жетеміз”, “Менің келуіме аз уақыт қалды” деп айтатын. Ол болашаққа жоспар құрып жүрген еді», – дейді қыз.
Ол Мейрамбектің қаза болғанын әлеуметтік желіден күтпеген жерден білген. Алғашында оның аты қаза тапқандар тізімінде жоқ деп ойлағанымен, кейін марқұмның есімін TikTok желісінен көрген.
«Ең қиыны – қоштаса алмай қалғанымыз. Соңғы сөйлескенімізде мұндай жағдай болады деп ешкім ойлаған жоқ. Қазір өте қиын», – деді Мейрамбекті жақын таныған ару.
Қазір қаза тапқан сарбаздардың жақындары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерттеліп, әскери қызметшілердің өліміне не себеп болғаны ашық айтылуын күтіп отыр. Оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.