1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл күн – өмір жолынан мол тәжірибе жинаған аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, олардың қоғамдағы еңбегі мен өнегесін дәріптейтін маңызды дата, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Халықаралық қарттар күнін белгілеу туралы шешім 1990 жылғы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен қабылданды. Аталған күн 1991 жылдан бастап жыл сайын 1 қазанда аталып өтіп келеді.
Қазақ халқы ежелден үлкенді сыйлап, қарияны құрметтеуді тәрбиенің негізі санаған. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген сөз де осы дәстүрдің мәнін айқындай түседі. Өйткені аға буынның өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі – кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес мұра.
Қарттар күні – тек мерекелік шаралар өткізетін күн ғана емес, үлкенге құрмет көрсетіп, олардың қоғамдағы орнына назар аударуға мүмкіндік беретін ерекше күн. Қарияларға қамқорлық таныту, жағдайын сұрап, көңіл бөлу – баршамызға ортақ адамгершілік парыз.
Бүгінде елімізде қарт адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, олардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Ардагерлер мен зейнеткерлер қоғамдық өмірге белсенді араласып, кейінгі буынға өздерінің мол тәжірибесімен бөлісіп келеді.
Қазыналы қарттарымыздың әрбір айтқан ақылы мен берген батасы – ұрпаққа үлгі. Олардың өнегелі өмір жолы – кейінгі буын үшін үлкен мектеп.
Барша аға буын өкілдерін Халықаралық қарттар күнімен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға береке тілейміз. Қарттарымыздың мерейі үстем, ғұмыры ұзақ болсын!