Алматы облысында полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа мәліметтер белгілі болды. Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер өз кінәларын мойындаған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 22 маусым күні Алматы қаласындағы пәтерлердің бірінде болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал туындаған. Осы сәтте үйде болған жасөспірімдер араласып, оқиға қайғылы жағдаймен аяқталған.
Тергеу мәліметінше, ер адам ауыр жарақат алғаннан кейін оның аяқ-қолы байланып, кейін қаза тапқан. Артынша мәйіт автокөлікпен Алматы облысының Кеген ауданы аумағына жеткізіліп, өртелген.
23 маусым күні полиция қызметкерінің өртенген мәйіті табылды. Осы оқиғаға байланысты марқұмның 35 жастағы жұбайы күдікті ретінде танылып, жасөспірімдерден жауап алынуда.
Тергеу барысында күдіктілердің айтуынша, марқұм тарапынан отбасы мүшелеріне ұзақ уақыт бойы психологиялық және физикалық қысым көрсетілген. Алайда бұл мәліметтер тергеу аясында жан-жақты тексеріліп жатыр және соттың құқықтық бағасын күтеді.
Қазіргі таңда күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын анықтап жатыр.