Контентке өту

«Адамды сыйға тарту – қылмыс»: Ермұрат Бапи дүмше діндарларға қарсы қатаң шара ұсынды

«Адамды сыйға тарту – қылмыс»: Ермұрат Бапи дүмше діндарларға қарсы қатаң шара ұсынды
ашық дерек

Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бапи қоғамға қауіп төндіретін теріс діни ағымдар мәселесін көтеріп, Бас прокурор Берік Асылов атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Халық қалаулысы ел ішінде көбейіп кеткен псевдодіни уағызшыларға қатысты жазаны қатаңдату қажет екенін айтты. Оның сөзінше, әлеуметтік желілер арқылы таралып жатқан мұндай насихат ұлттық құндылықтарға, қоғамдық тұрақтылыққа және жастардың санасына кері әсер етуде.

Депутат өз сөзінде қоғамда қызу талқыланған бірнеше даулы жағдайды мысалға келтірді. Соның бірі – бірнеше әйелі бар имамның өз әйелін шәкіртіне «сыйға тартқаны» туралы ақпарат. Бапи бұл әрекетті тек моральға жат қылық емес, тікелей заң бұзушылық, тіпті адам саудасына тең қылмыс ретінде бағалады.

Сондай-ақ ол Наурыз мейрамын «харам» деп атаған блогерлерді де сынға алды. Депутаттың пікірінше, бұл – қазақ халқының ғасырлардан келе жатқан дәстүрі мен мәдениетіне қарсы шығумен тең.

«Адамға жанашырлықты насихаттайтын дін өкілі өз әйелін сыйға беруі – қоғам үшін аса қауіпті құбылыс. Мұндай әрекеттер жазасыз қалмауы тиіс», – деді ол.

Ермұрат Бапи діни негіздегі алауыздықтың алдын алу үшін тек әкімшілік шаралар жеткіліксіз екенін атап өтті. Ол теріс діни насихат жүргізіп, қоғамда іріткі салатын тұлғаларға қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.

Сонымен қатар депутат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмысына да тоқталып, олардың ақпараттық кеңістікте белсендірек болып, мұндай жағдайларға дер кезінде жауап беруі қажет екенін айтты.

Бапидің пікірінше, сырттан келген жат діни көзқарастар жастардың санасына әсер етіп, ұлттық болмыстан ажырату қаупін тудырып отыр. Ол бұл құбылысты «ақпараттық терроризмге» теңеп, мәселенің өте өзекті әрі қауіпті екенін жеткізді.

Депутаттың бұл мәлімдемесі қоғамда қызу пікірталас тудырып, дін мен дәстүр тақырыбын тағы да күн тәртібіне шығарды.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты