Абай облысының Аягөз қаласында мерзімді әскери қызметтегі сарбаздың өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Іс материалдарына сәйкес, жас жігіт менингиттен қайтыс болған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Марқұм былтыр сәуір айында Солтүстік Қазақстан облысынан әскерге шақырылған. Мамыр айында денсаулығы сыр беріп, алдымен әскери госпитальға жеткізілген. Кейін жағдайы нашарлап, орталық аудандық ауруханаға ауыстырылған. Алайда жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Тергеу барысында медицина қызметкеріне «кәсіби міндетін тиісінше орындамады, салдарынан адам өліміне әкелді» деген айып тағылды. Сараптама қорытындысы бойынша, дәрігер науқастың жағдайының ауырлығын дер кезінде бағаламаған, нақты диагноз қойылмаған және қажетті тексерулер уақытылы жүргізілмеген.
Сот шешімімен дәрігер кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар белгілі бір мерзімге медицина саласында жұмыс істеу құқығынан айырылды. Алайда оған рақымшылық қолданылды.
Сот жәбірленуші тараптың талап-арызын ішінара қанағаттандырып, моральдық және материалдық шығын ретінде 12 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуді міндеттеді.