Контентке өту

Аида Балаева журналист Ботагөз Омарова ісіне қатысты пікір білдірді

Аида Балаева журналист Ботагөз Омарова ісіне қатысты пікір білдірді
ашық дерек

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналист Ботагөз Омароваға қатысты қозғалған іс жөнінде пікір білдіріп, құқықтық рәсімдер толық аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасауға болмайтынын атап өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Министрдің айтуынша, кез келген жағдай заң аясында қаралуы тиіс және алдын ала баға беру – дұрыс емес. Ол журналистердің негізгі міндеттерінің бірі – таратылатын ақпараттың шынайылығын тексеру екенін еске салды.

“Заңда көзделген барлық рәсімдер аяқталмайынша, дәлелсіз қорытынды жасап, асығыс түсіндіру жұмыстарын жүргізуге болмайды. Әрбір мәселе "Заң және тәртіп" қағидатына сай қаралуы керек”, – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар министр «Масс-медиа туралы» заңда журналистерді белгілі бір жағдайларда жауапкершіліктен босататын нормалар қарастырылғанын атап өтті. Атап айтқанда, егер ақпарат ресми дереккөздерден алынған немесе сөзбе-сөз келтірілген болса, онда жауапкершілік жүктелмеуі мүмкін.

Министрлік бұл жағдайды бақылауда ұстап отырғанын және қажет болған жағдайда өз құзыреті шеңберінде шаралар қабылдауға дайын екенін жеткізді.

Еске сала кетейік, бұған дейін бір топ қазақстандық журналист Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, әріптестері Ботагөз Омароваға қатысты істі жеке бақылауға алуды сұраған еді. Олар сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 274-бабын қайта қарау мәселесін көтеріп, бұл баптың журналистерге қысым жасау құралы ретінде қолданылып жатқанын алға тартты.

Үндеуде Ботагөз Омарованың көп жылдық тәжірибесі бар, кәсіби міндетіне адал қарайтын журналист екені айтылып, оның заң бұзбағанына сенім білдірілген. Сонымен қатар, істі жан-жақты әрі әділ тергеу қажеттігіне назар аударылды.

Қазіргі таңда бұл іс қоғамда кеңінен талқыланып, медиа саласындағы құқықтық нормалар мен журналистердің жауапкершілігі мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты