Мехикодағы «Ацтека» стадионында өткен Мексика мен Оңтүстік Африка Республикасы құрамалары арасындағы әлем чемпионатының ашылу ойыны ерекше статистикамен тарихқа енді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Кездесуде бас төреші бірден үш футболшыны алаңнан қуып, әлем чемпионаттарының ашылу матчтары үшін жаңа рекорд орнатты.
Ойынның 49-минутында бразилиялық төреші Вилтон Сампайо соңғы үміт ережесін бұзғаны үшін ОАР құрамасының жартылай қорғаушысы Сфифело Ситхоулуға қызыл қағаз көрсетті. Кейін VAR жүйесінің көмегімен эпизодты қайта қарап шыққан төреші дөрекі ойыны үшін оңтүстікафрикалық Темба Званені де алаңнан қуған.
Ал матчтың қосымша уақытында, нақтырақ айтқанда 90+2-минутта, гол соғудың айқын мүмкіндігін тоқтатқан Мексика құрамасының капитаны Сесар Монтес те қызыл қағаз алып, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады.
Осылайша әлем чемпионаттарының ашылу ойындары тарихында алғаш рет бір матчта үш футболшы алаңнан қуылды.
Бұған дейінгі рекорд 1990 жылы Италияда өткен әлем чемпионатында тіркелген болатын. Сол кезде Аргентина мен Камерун құрамалары арасындағы ашылу матчында екі ойыншы қызыл қағаз алған еді.
Айта кетейік, өткен түні футболдан 23-ші әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.