Әлеуметтік желіде «әнші Сәкен Майғазиевтің үйіне ұры түсті» деген мазмұндағы видео кең таралып, қызу пікірталас тудырды. Алғашында көпшілік бұл оқиғаны шынайы жағдай деп қабылдап, алаңдаушылық білдірген, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Алайда кейін белгілі болғандай, бейнероликтің шындыққа қатысы жоқ. Ол – жарнамалық мақсатта түсірілген қойылым. Идея авторы – әншінің жары Динара Майғазиева. Ол өз өнімін таныстыру үшін осындай ерекше форматты таңдаған.
Дегенмен, бұл тәсіл көпшіліктің көңілінен шыға қойған жоқ. Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі мұндай жарнаманы орынсыз деп бағалап, әсіресе «ұрлық» секілді жағымсыз тақырыпты қолдану дұрыс емес екенін жазған. Кейбірі тіпті бейнероликті көріп, шынымен қорқып қалғандарын да жасырмады.
Желіде «Құдай сақтасын», «Осы да жарнама ма?», «Шошып кеттім», «Жамандық шақырмау керек» секілді пікірлер жиі кездесіп, креатив пен жауапкершілік арасындағы шекара тағы да қызу талқыға түсті.
Бұл жағдай әлеуметтік желідегі жарнамада тек назар аударту ғана емес, аудиторияның сезімі мен қабылдауын да ескеру маңызды екенін көрсетті.