Ақтау қаласында ерлі-зайыптылардың жеке сипаттағы видеосының интернетке таралуы қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бейнематериал танымал асаба мен оның жұбайына тиесілі болған. Оқиға көпшіліктің қызу талқысына түсіп, әлеуметтік желілерде кеңінен таралған.
Ерлі-зайыптылардың айтуынша, видео тек жеке мақсатта түсірілген және телефонда құпия файл ретінде сақталған. Алайда олар бұрын бірге жұмыс істеген мобилограф құрылғыға қол жеткізіп, құпиясөзді білген соң видеоны көшіріп алып, интернетке жариялаған болуы мүмкін екенін айтады.
Жәбірленуші әйелдің сөзінше, аталған жағдайдан кейін оған бейтаныс адамдардан әдепсіз хабарламалар келе бастаған. Ол көпшілікті видеоны таратпауға және қарамауға шақырып, отбасының абыройына түсіністікпен қарауды сұрады.
"Біздің балаларымыз бар, біз заңды некедеміз. Бұл видео тек өзіміз үшін түсірілген", – деді ол.
Ал ер адам медиа саласында жұмыс істейтін азаматтарға сақ болуға кеңес беріп, жеке деректердің қауіпсіздігіне ерекше мән беру қажет екенін атап өтті.
Оқиғаға қатысты Маңғыстау облыстық полиция департаменті жедел шаралар қабылдағанын мәлімдеді. Ерлі-зайыптылар құқық қорғау органдарына арыз түсірген.
Ведомствоның мәліметінше, WhatsApp арқылы жеке видеоны заңсыз тарату фактісі тіркелген.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 147-бабы ("Жеке өмірге қол сұғу және жеке мәліметтерді заңсыз тарату") негізінде қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды. Ол – Ақтау қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция азаматтарға жеке және құпия ақпаратты заңсыз тарату қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.