Танымал актер Асқар Жұмабек 10 күн абақтыда болғаннан кейін көпшілікке мәлімдеме жасап, даулы оқиғаға қатысты өз нұсқасын жеткізді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Өнер иесі алдымен бостандыққа шыққанына шүкіршілік білдіріп, осы уақыт аралығында өзін қоғамда жағымсыз кейіпте көрсеткен пікірлердің ауыр тигенін жасырмады. Оның айтуынша, әлеуметтік желіде тараған ақпараттардың бірқатары шындыққа сәйкес келмейді.
Актер өз сөзінде бір жылдан астам уақыт жұмыс істеген орнын да атап өтіп, жағдайдың күтпеген жерден ушыққанын жеткізді. Ол өзін «қызға қол көтерген адам» ретінде сипаттағандарға қарсылық білдіріп, оқиғаның мән-жайын алдағы уақытта толық түсіндіруге уәде берді.
Асқар Жұмабектің айтуынша, жанжал кезінде өзара сөзге келу болғанымен, оған қатысты айтылған кейбір айыптаулар шындыққа жанаспайды. Ол мұндай жағдай кез келген жұмыс орнында кездесетін конфликт екенін алға тартып, өзіне жала жабылғанын меңзеді. Сонымен қатар, актер мәселені ушықтырмай, заң аясында жауапкершілік бар екенін ескерсе де, қарсы тараптың деңгейіне түспейтінін айтты.
Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді: бір топ актерді сабырға шақырып, сақ болуға кеңес берсе, енді бірі оның мінезіне сеніп, қолдау білдіруде.
Қазіргі таңда оқиғаның нақты ақ-қарасы толық анықталған жоқ. Актер алдағы уақытта бұл іске қатысты толық мәлімет беретінін жеткізді.