Контентке өту

«Ауыл – ел бесігі»: Мойынқұмдағы жүйелі жаңғыру және нақты нәтижелер

«Ауыл – ел бесігі»: Мойынқұмдағы жүйелі жаңғыру және нақты нәтижелер

«Ауыл – ел бесігі» жобасы ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға бағытталған ауқымды бастамалардың бірі ретінде өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Жоба аясында перспективалы елді мекендер іріктеліп, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту, тұрғын үй, жол және инженерлік желілерді дамыту арқылы 7 миллионнан астам ауыл тұрғынының өмір сапасын арттыру көзделген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытқа айрықша мән беріп, әрбір елді мекеннің дамуына қажетті қаржылық қолдауды қамтамасыз ету бастамаларын жүйелі түрде көтеріп келеді., деп хабарлайды baq-orda.kz.

Мойынқұм ауданында 2021–2025 жылдар аралығында жоба шеңберінде денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында бірқатар маңызды нысандар бой көтеріп, жаңғыртылды. Сонымен қатар елді мекендердегі автомобиль жолдары орташа жөндеуден өткізілді.

Атап айтқанда, Мойынқұм ауылында жоба аясында 645,5 миллион теңге бөлініп, Б. Момышұлы атындағы орталық стадион толықтай қайта жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай пайдалануға берілді. Сондай-ақ Т. Рысқұлов атындағы тірек мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Бұдан бөлек, ауыл ішіндегі тоғыз көшеге орташа жөндеу жұмыстары жасалды.

Кеңес ауылдық округіне қарасты Айдарлы елді мекенінде 937,5 миллион теңге игеріліп, жаңа спорттық-сауықтыру кешені, 90 орындық клуб және кітапхана салынды. Сонымен қатар №2 орта мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, жеті көшеге орташа жөндеу жасалды.

Бірлік ауылында 847 миллион теңге көлеміндегі қаржыға заманауи спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Қоса алғанда, К. Рысқұлбеков атындағы орта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. «Бірлік» ауылдық дәрігерлік амбулаториясы да толық жаңғыртылып, 10 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Биназар ауылында бөлінген 295 миллион теңге есебінен барлық заманауи талаптарға сай фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, пайдалануға берілді. Сонымен бірге ауылдық клуб күрделі жөндеуден өтіп, алты көшеге орташа жөндеу жүргізілді.

Жамбыл ауылдық округінде 46,7 миллион теңгеге ауылдық клуб жөнделсе, Шығанақ ауылдық округінде 590,8 миллион теңге игеріліп, жаңа спорттық-сауықтыру нысаны салынды. Мұнда төрт көшеге де жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ал Мынарал ауылында 495,7 миллион теңге бөлініп, ауылдық клуб күрделі жөндеуден өтіп, төрт көше ретке келтірілді.

Жалпы алғанда, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асқан жұмыстар елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін айтарлықтай арттырды. Бірқатар нысандар жаңадан салынып, көптеген объектілер қайта жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты