Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм Аскеннің соңғы шәкірттеріне арналған әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Оның айтуынша, төрт жыл бойы Аскеннен тәлім алған студенттер оқуын аяқтап, үлкен өмір мен өнер жолына қадам басты. Бағдат Әшімова ұстаз өмірден озса да, оның аманатын жалғастыру мақсатында түлектерді қара шаңыраққа жинап, қазақы дәстүрмен ақ бата беруді жөн көргенін айтты.
«Асекеңнің соңғы курсы. Төрт жыл бойы Асекеңнен тәлім алған жастар академияны тәмамдап, арман қуып үлкен өмірге қанат қақты. Асекеңнің өзі арамызда болмаса да, оның қара шаңырағының батасын алып, өмір мен өнер жолына аттандыруды жөн санадым», – деп жазды ол.
Бағдат Әшімова шәкірттерді қара шаңыраққа арнайы шақырып, ұстаздың рухына тағзым ету мен ұлттық дәстүрді ұлықтаудың маңызын атап өтті.
«Сондықтан түлектерді қазақы дәстүрмен Асекеңнің қара шаңырағына шақырдым. Қара шаңырақтан алған ақ бата әр шәкірттің жолын ашып, өнердегі қадамын нық етсін», – деді ол.
Желі қолданушылары бұл бастаманы жоғары бағалап, марқұм ұстаздың еңбегі оның тәрбиесін көрген шәкірттері арқылы жалғасатынын айтып, түлектерге ақ жол тіледі.