Танымал қазақстандық продюсер Баян Алагөзова аты аңызға айналған актриса, Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешоваға қатысты жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Баян Алагөзова Instagram парақшасында бұл оқиғаға байланысты әсерлі жазба жариялап, халық әртісіне қолдау білдірді.
“Меруерт апа үшін қатты жаным ауырып тұр, өте қатты... Бұл – өз ұстазыңа жасалған сатқындық, арқаға пышақ сұққанмен тең. Тіпті бұл іске деканның қатысы болса да?! Ересек студенттердің өз басы, өз ойы жоқ па?” – деп жазды продюсер.
Kznews.kz мәліметінше, “Шабыт” өнер академиясының студенттері Меруерт Өтекешовадан бас тартып, арыз жазған. Алайда кейінірек студенттер бұл арызды жазуға декан Ернияз Бірімқұловтың итермелегенін айтып, шағым түсірген.
Порталдың жазуынша, қазіргі таңда студенттер әділдік талап етіп отыр. Ал әлеуметтік желі қолданушылары мен өнер адамдары аталған жағдайға қатысты пікір білдіріп, қоғамда қызу талқылау жалғасуда.