Қазақстандық UFC жауынгері Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова әлеуметтік желіде отбасына қатысты кезекті мәлімдемесін жариялады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Оның айтуынша, балаларына тиесілі пәтер мен басқа да мүліктер әлі күнге дейін қайтарылмаған. Осыған байланысты ол Instagram Stories парақшасында бұрынғы енесіне ашық үндеу жолдады.
Гүлайым Рахмонова мәселені заң аясында және бейбіт жолмен шешуге дайын екенін айтып, адвокаты арқылы келіссөз жүргізуді ұсынды. Сонымен қатар, егер байланыс болмаса, тиісті органдарға жүгінетінін мәлімдеді.
«Осы уақытқа дейін құрсағымдағы балам үшін үндемей, сабырмен күттім. Шавкаттың анасы менің пәтерімді және балаларға тиесілі дүниелерді қайтарсын. Мен ұлын қайтардым, енді ол пәтерді қайтарсын», – деп жазды ол.
Сондай-ақ Гүлайым Рахмонова қазіргі таңда балаларын асырау қиынға соғып отырғанын айтып, дәрі-дәрмек алуға да қаражат жетпейтінін жеткізді.
«Балалар аш отыр, дәрі-дәрмек алуға да шамамыз жетпейді. Ертең хабарласасыздар деп үміттенемін. Егер хабар болмаса, көпшілік алдында тиісті органдарға жүгінемін», – деді ол.
Еске салайық, соңғы уақытта Гүлайым Рахмонова әлеуметтік желілерде жеке өмірі мен Шавкат Рахмоновтың отбасына қатысты бірнеше жазба жариялап, қоғам назарын аударған болатын.
Әзірге аталған мәселеге қатысты Шавкат Рахмонов немесе оның отбасы тарапынан ресми пікір жарияланған жоқ.