Бағым әлеуметтік желідегі жазбасында Мөлдір Әуелбековаға қатысты ренішін ашық білдірді. Өнер иесі бұрынғы шәкіртіне қазақ сахнасына жол ашқанын еске салып, өз отбасынан көрген жақсылығын ұмытпауға шақырды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бағымның сөзінше, Мөлдір Әуелбекова оның шаңырағында тұрып, отбасынан қолдау көрген. Алайда кейін олардың арасында түсініспеушілік туындаған.
«Қазақ сахнасына есік ашып бергенімді ұмытып, “бәріне өз күшіммен жеттім” деуің дұрыс па? Адал асымды ішіп, шаңырағымда тұрып, бетіме күліп, артымнан сатқындық жасағаның дұрыс па?» – деп жазды Бағым.
Сондай-ақ әнші Мөлдірдің өзінің және баласының үлесіне тиесілі қаражатты алып қойғанын айтып, бұл жағдайға қатысты сұрақ қойды.
«Күйеуімнің назарын ғана емес, балам екеумізге тиесілі қаражатты алып қойғаның дұрыс па?» – деді ол.
Бағым жылдар бойы бұл жағдайға қатысты үнсіз жүргенін айтып, көп нәрсені кешіргенін жеткізді. Алайда кейін қайтадан ренішін тудырған әрекеттер болғанын мәлімдеді.
Әнші жазбасында Мөлдір Әуелбековаға енді өзінің отбасы туралы сөз қозғамауды ескертіп, олардың өткенін ұмытпауға шақырды.
«Дәл осы ән сені елге танытты, атақ әкелді, әлі күнге дейін табыс әкеліп отыр. Сондықтан қайдан шыққаныңды, кімнің арқасында танылғаныңды ұмытпа», – деп жазды Бағым.