Қазақстандық шахматшы, халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева әлеуметтік желідегі парақшасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жариялады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Әлемдік рейтингте әйелдер арасындағы үздік бестікке кіретін спортшы өзінің спорттық мансабында кездесіп отырған қиындықтар туралы айтып, көмек сұрауға мәжбүр болғанын жеткізді.
Бибісараның айтуынша, жуырда әлемдегі ең беделді жарыстардың бірі саналатын Norway Chess турнирі аяқталған. Ол жарыстың аяқталуына бір тур қалғанда чемпион атанғанын атап өтті.
Алайда спортшы осы турнирге дайындық жұмыстары өз қаражаты мен ата-анасының қолдауымен жүзеге асқанын айтты. Оның сөзінше, секундандар мен аналитиктердің еңбекақысы да әлі күнге дейін төленбеген.
«Бүгінде әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте бесінші орындамын. Бүкіл әлемді артта қалдырдым, алдымда тек Қытай спортшылары ғана тұр», – деп жазды шахматшы.
Сондай-ақ ол шахматтан әлем чемпиондарына берілетін мемлекеттік сыйақы көлеміне қатысты мәселе көтерді. Асаубаеваның айтуынша, әлем чемпионы атанғаны үшін берілетін сыйақы небәрі 2 мың доллар болса, Олимпиада жүлдегерлеріне 250 мың доллар төленеді.
Спортшы 2023 жылы әлем чемпионатындағы екінші алтын медалінен кейін министрлік желісі арқылы ай сайынғы қолдау алғанын, алайда кейін бұл мәселенің тоқтап қалғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар Бибісара Асаубаева өзіне берілген II дәрежелі «Барыс» орденін әлі күнге дейін алмағанын айтты. Оның сөзінше, марапатты алу үшін Астанаға бірнеше рет барғанымен, әр жолы рәсім кейінге шегерілген.
Шахматшы Президент Әкімшілігіне бірнеше мәрте хат жолданғанын, алайда әзірге жауап болмағанын жеткізді.
«Алда маңызды жарыстар, оқу-жаттығу жиындары және үлкен еңбек күтіп тұр. Осындай жағдайда не істеуім керек, Құрметті Президент мырза?» – деп жазды ол.
Желі қолданушылары әйгілі шахматшыға қолдау білдіріп, көтерілген мәселелердің әділ шешімін табуына тілектестік танытты.