Контентке өту

Бірге еңбектенген орта – таза әрі көрікті

Бірге еңбектенген орта – таза әрі көрікті

Облыста экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар нақты істермен жалғасып келеді. «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы шаралар бүгінде тек бір күндік сенбілік емес, жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан маңызды жұмысқа айналды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Өңірдің бірқатар аудандарында ұйымдастырылған тазалық акциялары тұрғындардың белсенді қатысуымен өтті. Жамбыл және Сарысу аудандарында өткен «Мөлдір бұлақ» шарасы барысында табиғи су көздері тазартылып, бұлақтар мен өзен маңдары ретке келтірілді. Бұл жұмыстар қоршаған ортаны қорғаумен қатар, табиғатқа жанашырлық көзқарасты қалыптастыруға бағытталды.

Сарысу ауданында өткен «Көсегенің көк жоны» акциясы кезінде қатысушылар аумақты қоқыстан тазалап қана қоймай, ағаш отырғызу жұмыстарын да жүргізді. Ал Жамбыл ауданындағы Айшабибі ауылдық округіне қарасты Әулиекөл аумағында бұлақ көзі аршылып, айналасы абаттандырылды. Бұрын тіркелген 11 бұлақтың бірі қайта қалпына келтірілді.

Жуалы ауданында тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Елді мекендерде сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер мен қоғамдық орындар ретке келтірілді. Жыл басынан бері арық жүйелері тазартылып, қомақты көлемде қоқыс шығарылған.

Тараз қаласында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі сипат алған. «Таза қала» жобасы аясында аулаларға ағаш көшеттері отырғызылып, жасыл аймақтарды ұлғайтуға басымдық берілуде. Қызыләбад алқабында он мыңға жуық қарағаш егілген.

Мойынқұм ауданында өткен сенбіліктер барысында көшелер тазартылып, қоршаулар сырланды. Нәтижесінде елді мекендердің келбеті айтарлықтай жақсарып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасуда.

Жалпы, өңірде жүргізіліп жатқан мұндай жұмыстар тазалықты сақтау тек науқандық шара емес, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін көрсетеді.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты