Азамат Айталиев Астананың қақ ортасында өзіне белгісіз ер адамның шабуыл жасағанын мәлімдеді. Оқиға Бәйтерек маңында болған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Блогердің айтуынша, жанжал бейтаныс адаммен сөзге келуден басталған. Әуелі екі жақ бір-біріне ауыр сөздер айтып, кейін жағдай ушығып, әлгі азамат төбелеске көшкен. Айталиев бұл сәтті видеоға түсіріп, желіде жариялады.
Кадрларда оның полиция қызметкеріне болған жағдайды түсіндіріп жатқаны көрінеді. Ол өзіне алдымен тіл тигізілгенін, кейін физикалық шабуыл жасалғанын айтқан. Сонымен қатар, жазылушыларына үндеу жасап, өзіне «есалаң ер адам» тап бергенін жеткізді.
Оқиғадан кейін блогер ауруханаға барып, жарақаттарын тексерткен. Оның айтуынша, саусағын рентгенге түсіру қажет болған, сондай-ақ ерін тұсынан соққы алған.
Қазіргі уақытта шабуыл жасаған адамның ұсталғаны немесе жауапкершілікке тартылғаны туралы ресми ақпарат жоқ.
Айта кетейік, Азамат Айталиев әлеуметтік желіде кеңінен танылған тұлға. Ол 2021 жылы танымалдылыққа ие болып, TikTok-тағы видеолары арқылы көпшілікке белгілі болды. Бұған дейін де ол Димаш Құдайберген ашқан «Дайдидау» мейрамханасын сынап, желіде қызу талқыға түскен еді.