Тележүргізуші Дана Нұржігіт актриса Меруерт Өтекешованың журналист Майя Бекбаеваға берген сұхбатына қатысты пікір білдіріп, әсерін жасырмады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Журналист өнер иесінің қазіргі тұрмыс жағдайы жүрегіне ауыр тигенін айтып, мұндай тұлғалардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.
Оның сөзінше, Меруерт Өтекешованың қарапайым өмір сүріп жүргенін білсе де, Астанада жалдамалы пәтерде тұратынын естігенде қатты таңғалған.
Сонымен қатар, Дана Нұржігіт актрисаның қазақ киносы мен мәдениетіне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Әсіресе, кеңес дәуірінде «Қыз Жібек» фильмін Мәскеу архивінен қайта көшіртіп, елге жеткізу жолындағы еңбегін ерлікке теңеді.
Тележүргізуші елордада Қыз Жібек пен Төлегенге ескерткіш орнату бастамасын да жоғары бағалап, мұндай тұлғаларға құрмет сөзбен емес, нақты қолдаумен көрсетілуі керек екенін айтты.
Сөз соңында ол аға буын өнер адамдарының ешқашан көмек сұрамайтынын, барға қанағат етіп өмір сүретінін айтып, қоғамды оларды бағалауға шақырды.