Контентке өту

Digital Nauryz: Астанада ұшқышсыз автокөліктің көрсетілімдік жүрісі өтті

Digital Nauryz: Астанада ұшқышсыз автокөліктің көрсетілімдік жүрісі өтті

2026 жылғы 21 наурызда Астана қаласында Наурыз мейрамын жалпы қалалық мерекелеу аясында Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Лу Бань шеберханасының пилотсыз автокөлігінің демонстрациялық жүрісі өтті. Автокөлікті бағдарламалау және маршрут картасын әзірлеу шеберхана қызметкерлері тарапынан жүзеге асырылды, деп хабарлайды baq-orda.kz ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Астана қаласының әкімдігі және Astana Innovations ұйымының қолдауымен ұйымдастырды. Бас демеуші ретінде Halyk Bank қатысты.

Көрсетілімдік жүріс қалалық мерекелік іс-шаралар алаңында өтіп, заманауи технологияларды кең аудиторияға танытуға бағытталған бағдарламаның бір бөлігі болды. Мереке қонақтары ұшқышсыз көліктің жұмысын тікелей көріп, оның қалалық ортада қолданылу мүмкіндіктерін бағалады.

Ұшқышсыз автокөлік Smart City инфрақұрылымына жасанды интеллект технологияларын енгізу мүмкіндіктерін көрсетті. Атап айтқанда, навигация жүйелері, деректерді өңдеу және қалалық ортамен өзара әрекеттесу шешімдері таныстырылды. Алдағы уақытта мұндай технологиялар қалалық инфрақұрылымға кезең-кезеңімен енгізіліп, оның ішінде ұшқышсыз такси қызметін іске қосу да интеллектуалды көлік жүйесін дамытудың маңызды бағыттарының бірі болмақ.

Halyk Bank өкілдері технологиялық бастамаларды қолдаудың маңыздылығын атап өтті:

«Технологиялық бастамаларды қолдау және инновациялық ортаны дамыту – Halyk Bank-тің басым бағыттарының бірі. Ұшқышсыз автокөліктің көрсетілімі Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуі ерекше мәнге ие. Бұл – жаңару мен жаңа мүмкіндіктердің символы. Digital Nauryz аясында өткен бұл жоба отандық инженерлердің әлеуетін және қазақстандық әзірлеушілердің цифрлық экономика мен жасанды интеллект саласына қосып жатқан үлесін айқын көрсетеді», – деп атап өтті банк өкілдері.

2026 жылы Наурыз мерекесі жаңа форматта - Digital Nauryz аясында өтуде. Бұл бастама елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылымен ұштасып отыр.

Осындай бастамалар ұлттық дәстүрлер мен заманауи технологияларды үйлестіре отырып, мерекені жаңа деңгейде атап өтудің үлгісін көрсетеді және азаматтарға цифрлық шешімдермен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты