Қазақстан мектептерінде білім беру кеңістігін жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Білім беру ұйымдарында «Адал азамат» бағдарламасы аясында бірыңғай дизайн-код енгізіліп жатыр, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жаңа талапқа сәйкес, пән кабинеттері оқушылардың жас ерекшеліктеріне және пәннің мазмұнына сай безендіріледі. Бұл өз кезегінде білім алушылардың оқу процесіне қызығушылығын арттырып, қолайлы әрі заманауи орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, арнайы әзірленген брендбук алдымен 530 мектепте іске асырылуда. Қазіргі таңда 267 білім беру ұйымында бұл жұмыстар толық аяқталған.
Аталған жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, алдағы уақытта еліміздегі барлық мектептерді қамту жоспарланып отыр. Бұл бастама білім беру сапасын арттырумен қатар, мектептердің ішкі кеңістігін біріздендіруге бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.