Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың отбасындағы жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Эльмира Төлегенова күйеуімен жанжал болғанын айтып, оқиғаға қатысты видео жариялаған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Блогердің айтуынша, жанжал кезінде ол гардеробқа кіріп, есікті ішінен жауып алған. Осы сәтте Ерболат Жанабылов оның телефонын алып, әлеуметтік желідегі жарияланған стористерін өшірген. Алайда Эльмира Төлегенова күйеуі өзін ұрмағанын атап өтті.
Оқиғаға байланысты Астана қаласының полиция департаменті де түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, 30 қыркүйекке қараған түні елордадағы шағын аудандардың бірінде отбасылық-тұрмыстық жанжал туралы шақырту түскен.
Полиция қызметкерлері келген кезде ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал фактісі расталған. Полиция мәліметінше, дау барысында ер адам әйелінің телефонын тартып алып, әлеуметтік желідегі стористерін өшірген.
Эльмира Төлегенова полицияға шара қолданбау туралы арыз жазған. Соған қарамастан, Ерболат Жанабыловқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, профилактикалық әңгіме жүргізілген. Медициналық куәландыру нәтижесінде ерлі-зайыптылардың екеуінен де денсаулыққа зақым келу белгілері анықталмаған.
«Бұл хайп емес»
Эльмира Төлегенова жағдайға қатысты өзінің ажырасу процесінде жүргенін де мәлімдеді.
Блогер қазіргі уақытта әлеуметтік желіде тараған түрлі әңгімелерге байланысты кейін барлық мән-жайды толық айтып беретінін жеткізді. Сонымен қатар жақында әжесінен айырылғанын айтып, қазір оған демалыс қажет екенін айтты.
«Күйеуім мені ұрмады. Қазір маған демалыс керек. Біз ажырасу процесіндеміз. Бұл ешқандай да хайп емес», – деді Эльмира Төлегенова.
Оның айтуынша, әжесі 27 қыркүйекте қайтыс болған. Осыдан кейін блогер біраз уақыт әлеуметтік желіден алыстап, кейін өз блогын уақытша тоқтатуды жоспарлап отырғанын айтты.
Блогерлердің бұған дейінгі соты да қоғам назарында болған
Айта кетейік, Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс 2026 жылдың наурызында басталған болатын.
Тергеу материалдарында блогерлер 2025 жылы аса ірі көлемде табыс табу мақсатында қылмыс жоспарын құрды деген нұсқа айтылған. Іс материалдарына сәйкес, олардың оқырмандарға ақылы түрде ұсынған видеокурстарының білім беру және экономикалық құндылығы болмағаны, сондай-ақ материалдардың бұған дейін басқа платформаларда жарияланғаны көрсетілген.
Сот шешімімен Ерболат Жанабыловтың мүлкі тәркіленіп, оған екі жылға шартты жаза тағайындалған. Эльмира Төлегенованың да мүлкі тәркіленіп, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Кейін жазаны өтеу мерзімі екі жылға кейінге қалдырылған.
Қазір блогерлердің жеке өміріне қатысты соңғы жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының назарында. Эльмира Төлегенова алдағы уақытта оқиғаның толық мән-жайын өзі түсіндіретінін мәлімдеді.