Америкалық кәсіпкер Илон Маск тарихтағы алғашқы триллионер атануы мүмкін. Бұған оның компанияларының нарықтағы құнының күрт өсуі себеп болып отыр, деп хабарлайды baq-orda.kz.
12 маусымда Маск негізін қалаған SpaceX компаниясының акциялары биржада саудалана бастайды. Компанияның IPO көлемі 75 миллиард доллар деп бағалануда.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Илон Масктың тек SpaceX-тегі үлесінің өзі шамамен 866 миллиард долларды құрайды. Ал Tesla, xAI, Neuralink және өзге де жобалардағы активтерін қосқанда оның жалпы байлығы 1,1 триллион доллардан асуы ықтимал.
Сарапшылардың бағалауынша, SpaceX компаниясының нарықтық құны 1,75 триллион долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл соңғы жылдардағы ең ірі және ең көп талқыланған IPO-лардың бірі болмақ.
Егер болжамдар расталса, Илон Маск әлем тарихында жеке капиталы 1 триллион доллардан асқан алғашқы адам ретінде тіркеледі.
Қазіргі уақытта Маск әлемдегі ең бай кәсіпкерлердің бірі саналады және оның негізгі активтері ғарыш технологиялары, электр көліктері, жасанды интеллект пен нейротехнология салаларында шоғырланған.