Көкшетау қаласында 9 мамыр күні болған қайғылы жол апатына қатысты тың мәліметтер белгілі болды. 52 жастағы әйел көлік астында қалып, оқиға орнында көз жұмған еді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, көлікті басқарған әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған. Белгілі болғандай, оқиға кезінде ол күйеуінен «көлікті бір айдап көрейінші» деп рөлге отырған. Осыдан кейін күйеуі жолаушылар орнына отырып, тізгінді әйеліне берген.
Алайда тәжірибесіз жүргізуші көлікті басқара алмай, жол жиегінде тұрған 52 жастағы әйелді қағып кеткен. Марқұмның құдалыққа бара жатқан жалғызбасты ана екені айтылуда.
Қайғылы жағдайдан кейін көлікті басқарған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар, көлік иесі саналатын күйеуіне де заң аясында іс тіркелгені хабарланды. Қазіргі таңда күдікті әйел үйқамақта отыр. Тергеу амалдары жалғасуда.
Оқиға қоғам арасында қызу талқыланып жатыр. Әсіресе, жолаушы орнында отырған күйеуінің әрекетсіздігіне қатысты сауал көп. Көпшілік «ең болмаса қол тежегішін тартып қалуға болмас па еді?» деген пікір білдіруде.