Танымал әнші Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне қатысты қызық жағдайды айтып, көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Өнер иесінің сөзінше, қайда сапарға шықса да жанынан қара шыбын қалмайды. Тіпті шетелге барғанда да осы жағдай қайталанған.
«Қай жерге сапарға шықсам, сол жерге дәу қара шыбын ұшып келеді. Шетелде де солай, қасымдағылар біледі. Ал бүгін концерттің аяғына дейін қара шыбын айналшақтап, соңына дейін бірге болды», – деп жазды әнші.
Желі қолданушылары бұл жағдайға қатысты түрлі пікір білдірді. Кейбірі мұны марқұм жандардың рухымен байланыстырса, енді бірі жақындарының қолдауы деп болжаған.
Пікір қалдырған оқырмандардың бірі:
«Ол шыбынды өлтірмеңіз, ол – сізге жанашыр адамның жаны болуы мүмкін. Менің анам “торғай болып келем” дейтін», – деп жазған.
Ал Мақпал Жүнісова бұл пікірге жауап беріп, марқұм жары Заманбек Нұрқаділовті еске алғанын айтты.
«Мерей екеуіміз Токиоға барғанда да күнде бір қара шыбын жанымызда жүрді. Сонда мен “Зәкеннің аруағы желеп-жебеп жүр” деп айтқам», – деп жазды әнші.