Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова SCAT әуекомпаниясының бортсеріктерінің әрекетіне қатысты наразылығын білдірді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Әншінің айтуынша, ұшақ ішінде бос тұрған терезе жақтағы орынға ауысып отырғысы келген. Алайда бортсеріктер бұл орынның ақылы екенін айтып, орын ауыстыруға рұқсат бермеген.
"Бос орындар тұр. Сол жерге отырсам десем, “ақылы орын” дейді. Ұшақтың есігі жабылып қойған, ешкім отырмайды. Мұны қалай түсінуге болады?" – деп сауал жолдады ол компания өкілдеріне.
Өнер иесі ұшақ ішінде қатар тұрған бірнеше бос орынды көрсетіп, қай орында отырғанның айырмашылығы неде екенін түсінбей қалғанын жеткізді.
"Мен билетке ақша төледім. Бос орынға отырғым келеді. Бұл жерде ешкімнің орнын алып отырған жоқпын", – деді әнші.
Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып, жолаушылар құқығы мен әуекомпаниялардың ішкі ережелері төңірегінде түрлі пікірлер туындады.