Танымал әнші Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдікәрімова 10 жыл бойы декретте отырғаны туралы алғаш рет ашық айтып, көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бұл туралы ол Динара Сәтжанға берген сұхбатында бөлісті.
Жұлдыздың айтуынша, бұл кезең оның өміріндегі саналы түрде қабылданған шешім болған. Ол өзін «үйде қамалып отырдым» деп емес, керісінше балаларын тәрбиелеуге толық уақыт бөлген ана ретінде қабылдайтынын жеткізді.
«10 жыл үйде отырдым. Әркім бұл уақытты әрқалай қабылдайды. Бірақ мен қамақта болған жоқпын, 10 жыл декретте болдым. Сол кезде Қайрат енді танылып келе жатты. Балаларым бірінен кейін бірі дүниеге келді, алғашқы үшеуінің арасы небәрі 1 жас. Хан мен Нарұлдың арасы 3 жыл болғанымен, ол да аз уақыт», – деді ол.
Сондай-ақ, актриса балаларын өз қолымен өсіруді маңызды санағанын айтты. Оның сөзінше, әр бала ананың махаббатын толық сезініп өсуі керек.
«Балаларым кішкентай болғандықтан, олардың жанында менің болғаным маңызды еді. Үш баланың қалай өскенін өз көзіммен көрдім. Кейбіреулер “үйде отырып қалды” деп ойлайды, бірақ мен бұл уақытты саналы түрде таңдадым. Ел алдына да шықпадым, тойларға да бармадым. Бұл алдын ала жоспарланған шешім болды. Былайша айтқанда, мен де Гүлзира Айдарбекованың бір жобасы болдым», – деді Жұлдыз Әбдікәрімова.
Айта кетейік, желі қолданушылары бұл мәлімдемеден кейін Гүлзира Айдарбекованың көрегендігі мен даналығына да жоғары баға беріп жатыр.