Меруерт Өтекеш продюсер Баян Мақсатқызының өзіне өмір бойы 1 миллион теңге көлемінде зейнетақы төлейтіні туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Актрисаның айтуынша, олардың отбасы ешқашан бизнеспен айналыспаған және тек жалақымен күн көрген. Сондықтан ол продюсердің бұл әрекетін ізгі ниет деп қабылдағанын жеткізді.
«Бізде бизнес болған жоқ. Бір жалақыға жұмыс істедік. Баян біздің жағдайымызды түсініп, осындай ізгі ниет танытып отыр деп ойлаймын», - деді актриса.
Сонымен қатар, Меруерт Өтекеш “Қыз Жібек” фильмінде киген тарихи қамзолдың Баян Мақсатқызының қолына өткеніне ренжімейтінін айтты. Оның сөзінше, продюсер өнердің қадірін түсінеді және қамзолды кейін мұражайға тапсыруды жоспарлап отыр.
«Қамзолдың Баянға берілгеніне ренжімеймін. Ол да өнер адамы, қадірін біледі», - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін журналист Гүлбану Әбен тарихи жәдігердің жеке адамның қолында емес, музейде сақталуы керек екенін айтып, мәселе қоғамда қызу талқыланған еді. Кейін бұл жайтқа қатысты Мәдениет және ақпарат министрлігі де пікір білдірген.