Контентке өту

Министрлік Баян Алагөзованың ұсынысына қатысты пікір білдірді

Министрлік Баян Алагөзованың ұсынысына қатысты пікір білдірді
ашық дерек

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі продюсер әрі актриса Баян Алагөзова көтерген ұсынысқа қатысты ресми пікір білдірді, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Вице-министр Қанат Ысқақов еліміздің құқықтық жүйесінде «діни насихат» ұғымы жеке санат ретінде қарастырылмайтынын атап өтті.

Оның сөзінше, Қазақстан заңнамасында тек радикалды және экстремистік ағымдарға тыйым салынған.

«Бізде діни насихат деген ұғым жоқ. Радикалды және экстремистік ағымдар бар, оларға шынымен де тыйым салынған», – деді вице-министр.

Шенеунік Қазақстанның көпконфессиялы әрі толерантты мемлекет екенін еске салып, дін саласындағы реттеу ең алдымен радикализмнің алдын алуға бағытталғанын жеткізді.

Сондай-ақ ол Наурыз мейрамына қатысты қоғамда резонанс тудырған мәлімдемелерге тоқталып, мұндай жағдайлар міндетті түрде тексерілетінін айтты. Оның айтуынша, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Журналистер әлеуметтік желілерде таралатын даулы және қоғамда теріс реакция тудыратын контентке қатысты қандай шаралар қолданылатынын сұраған. Бұл сұраққа жауап берген Қанат Ысқақов мұндай әрекеттер заң аясында қаралатынын мәлімдеді.

«Біз оларды жауапқа тартамыз. Бұл жалған ақпарат тарату, әлеуметтік, діни және өзге де араздықты қоздыру сияқты баптарға жатады. Егер құқық бұзушылық анықталса, міндетті түрде заң бойынша шара қолданылады», – деді ол.

Еске сала кетейік, Алматы облысында Наурыз мейрамы туралы даулы пікір айтқан видео авторы ұсталған болатын. ІІМ мәліметінше, оған қатысты діни алауыздықты қоздыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы 2-бөлігіне сәйкес, мұндай құқық бұзушылық қоғамдық пікір көшбасшысы тарапынан жасалған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты