Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті ақын Мұхтар Шаханов жерленетін орынға қатысты жаңа шешім қабылданды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жақындарының мәліметінше, ақынды туған жері – Отырар өңіріне апарып жерлейді. Нақтырақ айтқанда, ол Арыстан баб кесенесі маңына қойылатын болды.
Қоштасу рәсімі 21 сәуір күні Алматы қаласында өтеді. Рәсім Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ғимаратында таңғы сағат 09:00-де басталады.
Ал 22 сәуір күні марқұмның денесі Түркістан облысындағы Отырар ауданына жеткізіліп, Арыстан баб кесенесі маңындағы зиратқа жерленеді. Бұл зиратта бұған дейін белгілі тұлғалар – Өмірзақ Айтбаев пен Көпен Әмірбек мәңгілік тыныс тапқан.
Аталған ақпаратты жазушы Құдияр Біләл ресми түрде мәлімдеді.
Мұхтар Шаханов – қазақ әдебиеті мен руханиятында өшпес із қалдырған бірегей тұлға. Оның шығармалары мен қоғамдық қызметі ел жадында мәңгі сақталмақ.