Танымал ақын әрі коуч Айнұр Тұрсынбаева әлеуметтік желідегі парақшасында адамның жеке дамуы мен өмірлік ұстанымы туралы ой қозғаған жазба жариялады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ол адамның алдында әрдайым екі таңдау болатынын айтып, өмірдің мәні үздіксіз өсіп-өркендеуде екенін жеткізді.
«Өсу баяу жүреді, ал құлдырап өшу – тез. "Өмір" деген сөздің синонимі – өсу», – деп жазды Айнұр Тұрсынбаева.
Коучтың пікірінше, адам өзін жетілдіруді тоқтатқан сәттен бастап біртіндеп өз жолынан жаңылып, өмірдегі мақсатын жоғалта бастайды.
«Егер сен өспесең, онда шын мәнінде өмір сүріп жатқан жоқсың. Егер бұл әлемге жаңа ештеңе әкелмесең, өмір сені шетке ысырып тастайды. Және өте тез», – деді ол.
Сондай-ақ Айнұр Тұрсынбаева дамудың тек материалдық жетістікпен өлшенбейтінін атап өтті. Оның айтуынша, шынайы өсу – сананың кеңеюі, қорқынышты жеңу, жүректі ашу және өз болмысыңа жақындай түсу.
«Өсу – бұл тек ақша немесе мансап емес. Өсу – сананың кеңеюі. Өсу – қорқынышты жеңу. Өсу – жүректі ашу. Өсу – өз болмысыңа жақындау. Даму тоқтаған жерде өмір де тоқтай бастайды», – деп түйіндеді ол.
Желі қолданушылары ақынның бұл ойымен келісетіндерін айтып, жазба астында өз пікірлерімен бөлісіп жатыр.