Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы студент Нұрай Серікбай ісіне қатысты жаңа мәліметтер қоғам назарын қайта аударды. Марқұмның туыстарының айтуынша, оны айуандықпен өлтірді деген күдікті психикалық орталыққа жатқызылған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жақындарының сөзінше, бастапқыда күдіктіге қатысты сараптама Шымкентте жүргізіліп, оның психикалық ауытқуы бар деген қорытынды шыққан. Алайда бұл нәтижеге сенбеген отбасы істі қайта тексеруді талап етіп, Алматыда қосымша сараптама жасатқан. Бірақ онда да дәл осындай қорытынды берілген.
Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай бұл жағдайға күмәнмен қарайды. Оның пікірінше, күдіктінің аяқ астынан “ауырып қалуы” – жазадан жалтарудың амалы болуы мүмкін. Ол медициналық қорытынды берген мамандардың әрекетін тексеру қажет екенін алға тартты.
Сондай-ақ туыстары күдіктінің қазіргі уақытта Шымкентте емес, Талғардағы психикалық емдеу орталығына ауыстырылғанын айтып отыр. Бұл жағдай да олардың алаңдаушылығын күшейткен.
Айта кетейік, қайғылы оқиға қаңтар айында болған. Жас қызды танысы аса қатыгездікпен пышақтап өлтірген. Кейін белгілі болғандай, күдікті марқұмның соңынан ұзақ уақыт бойы қалмай жүрген, тіпті оны алып қашу фактісі де тіркелген.
Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары адам өлтіру және сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Алайда үш айдан кейін күдіктінің уақытша ұстау изоляторынан психикалық орталыққа ауыстырылуы қоғамда түрлі сұрақ тудырып отыр.
Әзірге құзырлы органдар бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.