Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты қозғалған қылмыстық іс қоғам назарында қалып отыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, жәбірленуші тарап күдіктіге жасалған медициналық сараптамалардың нәтижесіне сенімсіздік білдіріп, істің әділ әрі ашық қаралуын талап етуде, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Марқұмның туыстарының айтуынша, күдікті Шерхан Аймаханға жүргізілген тексерудің алдын ала қорытындысында оның психикалық жағдайына қатысты өзгерістер бар екені көрсетілген. Бұл жайт жақындарының алаңдаушылығын күшейтіп отыр. Олар мұндай қорытынды күдіктінің қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруына себеп болуы мүмкін деп қауіптенеді.
Марқұмның ағасы бұл мәселеге қатысты өз күдігін жасырмай, сараптама нәтижесінің шынайылығына күмән келтіретінін жеткізді. Оның сөзінше, алғашқы тексеру Шымкент қаласында жүргізілген, алайда отбасы бұл қорытындымен келіспей, қайта сараптама жасауды талап еткен. Кейін Алматыда да ұқсас тұжырым берілгені айтылды.
Жәбірленуші тарап күдіктінің шын мәнінде психикалық ауытқуы жоқ екенін алға тартып отыр. Олар оның қалыпты өмір сүріп келгенін, қоғамда өзін еркін ұстағанын дәлел ретінде келтіреді. Сонымен қатар, туыстары күдіктінің қазіргі таңда Талғардағы психикалық емдеу мекемесінде болуы да күмән тудыратынын жеткізді.
Осы жағдайға байланысты отбасы істің жан-жақты, тәуелсіз сараптамалар арқылы қайта қаралуын талап етеді. Олар құқық қорғау органдары әділ шешім шығарып, барлық күмәнді жайттарға нақты нүкте қояды деп үміттенеді.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр. Істің қалай өрбитіні алдағы уақытта белгілі болмақ.