Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов әлеуметтік желіде өз өміріндегі маңызды бағыттардың бірі – ұстаздық қызметі туралы тебірене жазба жариялады. Өнер иесі сахнадағы шығармашылығымен қатар, білім беру саласындағы еңбегін де ерекше мақтан тұтатынын жеткізді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Белгілі әнші ұзақ жылдар бойы Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы қабырғасында жас өнерпаздарға тәлім беріп келеді. Оның айтуынша, өнер жолындағы табыстың басты кілті – тек талант емес, үздіксіз білім мен ізденіс.
«Ұстаздық жолымдағы басты ұстаным – адамды кез келген қиындықтан алып шығатын күш – білім мен ғылым», – деген ол бұл қағиданы студенттеріне жарты ғасыр бойы айтып келе жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар, халық әртісі шәкірттеріне әрдайым рух беріп, өмірлік бағыт-бағдар көрсетуді басты міндет санайды. «Жүректе жарық болса, түнектен қорықпаңдар. Ізденген адам ғана мұратына жетеді», – деп, жастарды білімге ұмтылуға шақырды.
Жазба соңында ол шәкірт тәрбиелеу жолындағы бірлескен еңбекті ерекше атап өтіп, концертмейстер Дина Сұлтановаға алғысын білдірді.
Өнер мен білімді қатар алып жүрген Нұрғали Нүсіпжановтың бұл пікірі көпшілікке ой салып, жас буын үшін үлкен мотивацияға айналды.