Актер Нұрсұлтан Жақсыгеннің аты тағы да даулы жағдаймен байланысты аталды. Оның бұрынғы жұбайы Фариза Алмасқызы әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, актерге қарсы қозғалған қылмыстық істердің күтпеген жерден тоқтап қалғанын айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Фаризаның сөзінше, бұған дейін ол экс-күйеуіне қатысты құқық қорғау органдарына арыз түсіріп, нәтижесінде екі бірдей іс тіркелген. Оның бірі — аңду мен мазалау сипатындағы «сталкинг» бабы болса, екіншісі — жалған ақпарат таратуға қатысты болған. Алғашында бұл істер бойынша қамау және бостандығын шектеу секілді жаза қарастырылған.
Алайда кейін жағдай күрт өзгерген. Фариза аудандық прокуратура өкілі актерді қолдап, қамау шарасына қарсы шыққанын алға тартады. Оның айтуынша, бір күннің ішінде қабылданған шешімдердің өзгеруі күмән туғызады.
Сонымен бірге ол актермен болған хат алмасулардың үзінділерін жариялап, онда «мәселені ақша арқылы шешуге болады» деген мазмұндағы сөздер айтылғанын жеткізді. Бұл жағдай қоғамда құқық жүйесіне деген сенім мен әділдік мәселесін қайтадан талқылауға себеп болды.