Сұлтан Сәрсемәлиев сот барысында не себепті қылмысқа барғанын түсіндірді. Оның айтуынша, отбасындағы жанжалға әйелінің туыстарының араласуы әсер еткен, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Күдіктінің сөзінше, ол Ақбаян Мұқанғалиевамен 2016 жылы Атырау қаласында танысқан. Сол жылдың мамыр айында екеуі ресми түрде некеге тұрған. Ерлі-зайыпты бес бала тәрбиелеген.
Алайда уақыт өте келе олардың арасында бірге тұруға қатысты келіспеушіліктер пайда болған. Сәрсемәлиевтің айтуынша, әйелінің туыстары жас отбасының бөлек шығып, Ақбаянның жақындарының маңына қоныстануын қалаған.
- Олар отбасылық өмірімізге араласты. Маған анамды тастап кету ұсынылды. Бірақ мен бұған келіспедім, - деді ол сотта.
Кейін ерлі-зайыпты арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп, 2022 жылы ресми түрде ажырасқан. Балалар анасымен қалған. Осыдан кейін Ақбаян Мұқанғалиева үш баласымен Атырау қаласындағы Нұрсая ықшамауданына көшкен.
Соттағы мәліметке сәйкес, 2023 жылдың басында Сәрсемәлиев бұрынғы отбасымен қайта қауышуға әрекет жасаған. Ол Атырау қаласынан үй жалдап, бұрынғы жұбайы және балаларымен бірге тұра бастаған.
Күдікті сотта өз әрекетін «отбасымен қарым-қатынасты қайта қалпына келтіруге тырыстым» деп түсіндірді.
Қазіргі уақытта іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр.