Қазақстандық танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желідегі соңғы жазбасында ана болу, отбасыдағы рөл және әйелдің ішкі еркіндігі туралы маңызды ой қозғап, оқырмандарын терең толғандырды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Тележүргізуші өз жазбасында тұрмыстағы тәжірибесіне сүйене отырып, ана ретінде жіберген кейбір қателіктерін ашық мойындаған. Ол баланы дамытуға деген шектен тыс ұмтылыс кейде кері әсер беруі мүмкін екенін мысал арқылы түсіндірген.
Жазбада келтірілген оқиғада екі баланың анасы оларды түрлі үйірмелерге – мектептен тыс қосымша сабақтарға, би, сурет, домбыра және бассейнге үздіксіз қатыстыру арқылы шамадан тыс жүктеп жібергенін айтады. Күн сайын таңнан кешке дейін тынымсыз жүріс балалардың шаршауына алып келген.
Балалардың әкесіне «шаршаймыз» деп шағымдануы анаға үлкен ой салған. Жолдасының «балалар да демалуы керек» деген ескертуі әйелдің көзқарасын түбегейлі өзгерткен. Осыдан кейін ол балаларын тек мектеп пен негізгі сабақтармен шектеп, артық жүктемеден босатқан.
Алайда уақыт өте келе балалардың өздері даму қарқынының бәсеңдегенін сезіп, қайтадан белсенділікке ұмтыла бастаған. Бұл жағдай ана үшін үлкен сабақ болғанын жеткізеді.
Сондай-ақ, тележүргізуші әйел адамның тұрмыс құрғаннан кейінгі ішкі өзгерістеріне де тоқталған. Оның айтуынша, қыз кезіндегі еркіндік, батылдық пен ашықтық кей жағдайда «ана рөліне» толық ену барысында шектеліп қалады.
«Кейбір әйелдер отбасы сценарийін толық өз бақылауына алғысы келеді. Бірақ бұл – қателік болуы мүмкін», – деген ой түйеді ол.
Жазба соңында Ләйлә Сұлтанқызы оқырмандарына сауал тастап, әр әйел өз өмірінде қай рөлде екенін ой елегінен өткізуге шақырды.
Бұл пікір желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшілік тарапынан қолдау тапты. Көптеген аналар өз тәжірибелерімен бөлісіп, бала тәрбиесінде тепе-теңдіктің маңызын атап өтті.