Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су мәселесін тек аймақтық деңгейдегі түйткіл емес, халықаралық қауымдастық назар аударатын стратегиялық маңызы бар міндет ретінде қарастыру қажеттігін мәлімдеді. Мемлекет басшысы бұл бағытта нақты іс-қимылдарға көшудің маңызын ерекше атап өтті.
Президенттің айтуынша, су ресурстарын басқару – ұлттық шеңберден әлдеқайда кең мәселе. Сондықтан өңір елдері бірлесіп әрекет ететін тиімді механизмдерді қалыптастыру қажет. Осы тұрғыда Аралды құтқару халықаралық қорының жұмысын жаңғырту, оның ұйымдастырушылық тетіктерін жетілдіру және қолданбалы сипатын күшейту маңызды.
«Қор өңірге ортақ платформаға айналуы тиіс. Бұл су, экология және орнықты даму мәселелерін Орталық Азия мемлекеттерінің мүддесіне сай тиімді шешуге мүмкіндік береді», – деді Президент.
Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, соңғы жылдары аймақ елдері су мәселесінде көбіне өз ұлттық мүдделерін алға шығарып отыр. Ал трансшекаралық өзендерді бірлесіп басқару, экологиялық салдарларды ескеру және халықаралық ынтымақтастық қағидаттары жеткілікті деңгейде сақталмай келеді. Мұндай жағдай су-энергетика саласындағы тепе-теңдіктің бұзылуына алып келуде.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы әр елдің су стратегияларын өзара үйлестіру қажеттігін атап өтті. Бұл су үнемдеу саласындағы озық тәжірибелерді кеңінен енгізуге жол ашады. Сонымен қатар, халықаралық стандарттарға негізделген Суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенция қабылдау ұсынысы да қайта көтерілді. Бұл құжат көпжақты ынтымақтастықтың ортақ қағидаттарын бекітіп, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Президент су саласын цифрландыруды да басты басымдықтардың бірі ретінде атады. Атап айтқанда, Сырдария мен Әмудария өзендері бассейндерінде бірыңғай автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу ұсынылды. Мұндай жүйе су ресурстары туралы деректердің ашықтығы мен нақтылығын қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария бассейніндегі он учаскені автоматтандыру жұмыстарын бастап кеткен. Бұл тәжірибені болашақта Арал теңізі бассейнінің барлық аумағына тарату көзделіп отыр.
Сонымен қатар, Тоқаев Мемлекетаралық энергетика комиссиясын құру ісін жеделдету қажеттігін атап өтті. Су және энергетика салаларындағы өзара байланысты ескере отырып, елдер арасындағы үйлестіруді күшейту аса маңызды. Осыған байланысты су шаруашылығы және энергетика комиссияларының жұмысын ықпалдастыру ұсынылды.
Президенттің пікірінше, алғашқы кезеңде бұл форматты Сырдария өзені бассейнінде іске қосып, кейін оны Арал теңізінің бүкіл бассейніне кеңейту қажет. Кезең-кезеңімен жүзеге асатын мұндай тәсіл өңірдегі барлық мемлекеттердің мүдделерін тең дәрежеде ескеруге мүмкіндік береді.
Осылайша, Қазақстан халықаралық серіктестік пен үйлесімді саясат арқылы Орталық Азиядағы су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды ілгерілетуді жалғастырады.