Әнші Төреғали Төреәлінің бұрынғы ассистенті болғанын айтқан Балнұр әлеуметтік желіде өнер иесімен бірге жұмыс істеген жылдардағы естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
TikTok желісіндегі парақшасында ол Төреғали Төреәлімен екі жылдан астам уақыт бірге жұмыс істегенін айтып, жұлдыздардың көпшілік біле бермейтін өмірі туралы сөз қозғады.
«Танымал әншінің ассистенті болып жұмыс істеген жылдары жұлдыздардың жұрт білмейтін өмірлері туралы көп нәрсеге куә болдым», – деді ол.
Балнұрдың айтуынша, көпшілік әлеуметтік желіде жарияланатын қысқа бейнероликтердің артында қаншама еңбек жатқанын біле бермейді. Оның сөзінше, өнер адамдарының жеке өмірге уақыты өте аз, бос уақытын көбіне контент түсіруге арнайды.
Сондай-ақ ол Төреғали Төреәлі туралы жеке пікірін де білдірді.
«Төреғалидың жеке өзі туралы айтсам, ол өте мықты артист. Талапшыл, жинақы және әділ. Ал адам ретінде өте қарапайым», – деді бұрынғы ассистент.
Балнұр өнер адамдарының көмекшісі болу оңай жұмыс емес екенін айтып, бұл қызмет үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететінін жеткізді.