Қазақстандық КТК ойыншысы Ақылбек Скендиров пойызда қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Сот шешімімен ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 86 500 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Оқиға Қызылорда – Павлодар бағыты бойынша қатынайтын пойызда болған. Куәгерлердің сөзінше, ер адам мас күйде болып, жолаушыларға балағат сөз айтып, айналасындағыларға тиісіп, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Кейін құқық қорғау органдары оның КТК ойыншысы екенін анықтаған. Осыдан соң көліктік полиция қоғамдық орында мас күйде жүру және ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғады.
Оқиғадан кейін Ақылбек Скендиров әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, көпшіліктен кешірім сұрады.
Айта кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарға әкімшілік жаза қарастырылған.