Контентке өту

Президент: Адами капитал мен цифрлық технологиялар – Қазақстан дамуының басты басымдығы

Президент: Адами капитал мен цифрлық технологиялар – Қазақстан дамуының басты басымдығы

Астанада өткен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адами капиталды дамыту, жасанды интеллектті білім беру мен мемлекеттік басқаруға енгізу, логистика мен өнеркәсіпті цифрландыру, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттары жөнінде кеңінен айтты.

Президент Қазақстанның адами капиталды дамытуға тұрақты түрде инвестиция салып келе жатқанын атап өтті. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі ретінде Alem.ai халықаралық орталығында TUMO және Tomorrow School жаңа буын мектептерінің ашылғанын жеткізді. Сонымен қатар Telegram және Presight компанияларымен бірлесіп заманауи зертханалар құрылғанын айтты.

Мемлекет басшысы жасанды интеллекттің еліміздің білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жуырда қол қойылған Жарлыққа сәйкес, жасанды интеллект орта білім беру жүйесін жаңғыртудың негізгі құралдарының біріне айналады. Бұл технология мұғалімдерді алмастыру үшін емес, олардың жұмысын тиімді етіп, оқушыларға жеке білім беру мүмкіндігін кеңейту мақсатында қолданылады.

Жарлық аясында дербестендірілген оқыту жүйесін қалыптастыру, цифрлық инфрақұрылымды нығайту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және білім беру стандарттарын жаңарту көзделген. Қазіргі таңда пилоттық жоба іске қосылып, оның нәтижелері кейін республика көлемінде енгізілмек. Бұл бастама қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты азайтып, әрбір балаға сапалы білім алуға мүмкіндік береді.

Президенттің айтуынша, жасанды интеллект мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратын маңызды құралға айналып келеді. Осы мақсатта елімізде тиісті институционалдық орта қалыптастырылып жатыр. Жақында әлемге танымал жасанды интеллект сарапшысы, Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі доктор Ли Кай Фу Астанадағы Alem.ai халықаралық орталығында мемлекеттік органдардың жоғары лауазымды қызметкерлеріне арнайы семинар өткізді. Онда жасанды интеллектті мемлекеттік басқаруда стратегиялық пайдалану, ЖИ агенттері және ұлттық технологиялық экожүйені дамыту мәселелері қарастырылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанда өңірдегі алғашқы мамандандырылған жасанды интеллект университеті ашылатынын мәлімдеді. Жаңа жоғары оқу орны ғылыми зерттеулердің, инновациялардың және жоғары білікті кадрлар даярлаудың маңызды орталығына айналады.

Президент елімізде логистика саласын цифрландыру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты. Оның айтуынша, көлік дәліздерін толық цифрландыру мақсатында Smart Cargo бірыңғай цифрлық платформасы енгізілуде. Бұл жүйе кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіріп, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның мұнай-газ саласын цифрлық трансформациялау бағытында да маңызды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, көмірсутек өндіру және өңдеу нысандарының цифрлық көшірмелері жасалып, мұнай мен мұнай өнімдерінің өндірістен бастап тұтынушыға дейінгі толық жеткізу тізбегін бақылайтын кешенді жүйе енгізілуде. Сонымен қатар өндірістік процестердің тиімділігін арттыру және жабдықтардың істен шығуын алдын ала болжау үшін жасанды интеллект негізіндегі шешімдер қолданылып жатыр.

Президент «Астана» халықаралық қаржы орталығы жасанды интеллект саласындағы инновациялық шешімдерді сынақтан өткізуге арналған сенімді алаңға айналғанын атап өтті. Орталықтың FinTech Lab платформасы халықаралық инвесторларға ағылшын құқығы негізінде жұмыс істеуге, құқықтық қорғау мен деректер қауіпсіздігінің жоғары стандарттарын пайдалануға мүмкіндік береді.

Жиында Мемлекет басшысы инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарының бірі ретінде аса маңызды пайдалы қазбалар саласын атады. Оның айтуынша, Қазақстан жер қойнауын пайдалану саласын толық цифрландырып келеді. Осы мақсатта Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы іске қосылып, лицензиялау мен бақылауға қатысты 22 мемлекеттік қызмет автоматтандырылды.

Сонымен қатар бұрын қағаз және магниттік тасымалдағыштарда сақталған 4,7 миллионнан астам геологиялық құжат бірыңғай ұлттық цифрлық қорға көшірілді. Ал тарихи геологиялық деректерді машина оқи алатын форматқа көшіру барысында жасанды интеллект технологиялары пайдаланылып жатыр. Президенттің айтуынша, Астанада Сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығы құрылып, халықаралық инвесторларға жоғары дәлдіктегі геологиялық ақпарат ұсынатын бірыңғай орталық жұмыс істейтін болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласы Қазақстанның ұзақмерзімді даму стратегиясының негізгі бағыттарының бірі екенін айтты. Бүгінде еліміздің аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол жүк тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы жүзеге асады.

Президент осы артықшылықты тиімді пайдалану үшін жаңа теміржол желілерін салуға, көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға және Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға ауқымды инвестициялар салынып жатқанын жеткізді. Соңғы 15 жылда бұл салаға 35 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы бағытталған.

Мемлекет басшысы өткен жылдың соңынан бастап кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтерді біріктіретін Smart Cargo бірыңғай цифрлық платформасы кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын айтты. Платформа негізгі рәсімдерді бір жүйеге біріктіріп, әкімшілік кедергілерді азайтып, транзит уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Бүгінде алғашқы кезең аясында Қытай–Өзбекстан бағыты бойынша транзиттік операциялар толық цифрландырылып, мемлекеттік шекарадан өту рәсімдері электронды форматқа көшірілген. Соның нәтижесінде халықаралық жүк тасымалының тиімділігі артып, Қазақстан арқылы өтетін транзиттің ашықтығы мен сенімділігі күшейе түсті.

Осылайша, Президент өз сөзінде Қазақстанның білім беру, мемлекеттік басқару, өнеркәсіп және көлік-логистика салаларын цифрландыру арқылы инвестициялық тартымдылығын арттыруға және жоғары технологияларға негізделген экономиканы қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстарды жалғастыратынын атап өтті.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты