Астанада өткен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту, цифрлық экономиканы нығайту және халықаралық инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері туралы айтты.
Президенттің айтуынша, Алатау қаласын дамыту – еліміздің стратегиялық маңызы бар басым бағыттарының бірі. Бүгінде қала әлемдік деңгейдегі арнайы құқықтық режимге ие қарқынды дамитын аумақ ретінде айқындалып, халықаралық инвестиция тартуға және оны өңірдегі ірі іскерлік орталықтардың біріне айналдыруға арналған қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптастырылған.
Мемлекет басшысы Алатау Қазақстандағы алғашқы толық цифрланған қала ретінде жобаланып жатқанын атап өтті. Жоба аясында қаланың негізгі инфрақұрылымы, мемлекеттік қызметтері мен экономикалық жүйесі үлкен деректер, озық цифрлық технологиялар және заманауи басқару модельдері негізінде жұмыс істейтін бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіріледі.
Президенттің айтуынша, қала «Digital by default» қағидаты бойынша дамиды. Яғни мемлекеттік басқару процестері алғашқы кезеңнен бастап толықтай цифрлық форматта ұйымдастырылады. Алатау қаласы әкімдігінің бірыңғай цифрлық платформасы арқылы тұрғындар мен инвесторлар мемлекеттік қызметтерді онлайн алып, қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдей алады және арнайы құқықтық режимнің барлық мүмкіндіктерін пайдаланады.
Сонымен қатар қалада цифрлық активтер саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта криптовалюта биржалары мен цифрлық активтерді токендеу қызметін реттейтін заманауи нормативтік-құқықтық база жұмыс істейтін болады. Президент халықаралық инвесторларды осы бірегей құқықтық алаңның мүмкіндіктерін пайдаланып, жоғары технологиялық және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жасанды интеллектіні дамыту мен цифрлық дербестікті нығайту Қазақстан экономикасының ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етудегі шешуші факторлардың бірі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесі мен мемлекеттік органдар арасындағы тұрақты әрі ашық диалогтың маңыздылығына тоқталып, тиімді реформаларды жүзеге асыру үшін барлық қатысушылардың тәжірибесі мен сарапшылық әлеуетін біріктіру қажет екенін айтты.
Президенттің пікірінше, мемлекет пен бизнес арасындағы ұзақмерзімді, өзара тиімді серіктестік цифрлық экономиканың әлеуетін толық пайдалануға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға негіз болатын басты тетіктердің бірі саналады.